Экспорттық-импорттық операциялар үшін Қазақстан Республикасының
Бірыңғай терезесі

САҚТАУ ҚОЙМАЛАРЫ ИЕЛЕРІНІҢ ӨЗ ТАУАРЛАРЫН ТІЗІЛІМГЕ ЕНГІЗУ РӘСІМІ

Тізілімге енгізу шарттары

Кедендік бақылаудағы өз тауарларын уақытша сақтауға арналған тауарлар иесінің үй-жайы және (немесе) ашық алаңы өз тауарларын сақтау қоймасы болып табылады. Бұл ретте өз тауарларын сақтау қоймалары мынадай талаптарға жауап беруі тиіс:
1) меншігінде, шаруашылық жүргізуінде, оралымды басқаруында немесе жалға алынған үй-жайларда және (немесе) ашық алаңдарда болуы, бұл ретте жалға алу мерзімі Өтініш берілген күннен бастап кемінде алты ай болуға тиіс;
2) орналастырылатын тауарлар мен көлік құралдарының сипатына сәйкес сертификатталған таразы жабдығының, ал арнаулы сақтау орнына газ орналастырылатын жағдайда тиісті есептеу аспаптарының болуы;
3) аумақ Кеден кодексінің 404-бабына сәйкес белгіленуі тиіс;
4) техникалық жарамды кірме жолдардың, сондай-ақ қатты жабыны (бетон, асфальт, резеңке не өзге де қатты жабыны) бар тауарларды тексеріп қарауға арналған орындардың, оның ішінде электр жарығымен жарақтандырылған жабық алаңдардың болуы;
5) тиеу-түсіру алаңдарын қоса алғанда, аумақ (бір немесе бірнеше қойма үй-жайлары мен алаңдар) бір пошта мекенжайы бойынша орналастырылуға және өз тауарларын сақтау қоймасының бүкіл периметрі бойынша үздіксіз қоршауы болуға тиіс.
Өз тауарларын сақтау қоймалары осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес ғана пайдаланылуға тиіс. Көрсетілген қоймаларды өзге мақсаттарда пайдалануға жол берілмейді.

Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі

Өтінішті аумақтық кеден органы оны тіркеген күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды.
Өз тауарларын сақтау қоймалары иелерінің тізіліміне енгізуден бас тарту туралы шешім 166-баптың 3-тармағында көрсетілген құжаттар толық көлемде ұсынылмаған немесе өтініш беруші Кеден кодексінде белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайларда қабылданады. Өтініш беруші осы бұзушылықтарды жойғаннан кейін өтініш Кеден кодексінде белгіленген тәртіппен қаралады.

Қызмет көрсетуші

Қызмет аймағында өз тауарларын сақтау қоймасы құрылатын аумақтық кеден органы.

Өтініш

Өтініштің нысаны "Кедендік тізілімдер"- "уақытша сақтау орындары иелерінің тізіліміне енгізуге өтініш"қосымша бетінде орналастырылған.

Қызмет көрсету ережелері

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кіріс органдарының мемлекеттік қызметтер көрсету Қағидалары Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің м.а. 2020 жылғы 10 шілдедегі № 665 бұйрығымен бекітілген.

Құқықтық реттеу

1. "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы"2017 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексі.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің м.а. 2020 жылғы 10 шілдедегі № 665 бұйрығы "Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кіріс органдарының мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы".
3. "Кедендік бақылаудың уақытша аймақтарының, уақытша сақтау орындарының және бажсыз сауда дүкендерінің кейбір мәселелері туралы"Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 23 ақпандағы № 280 бұйрығы.

Қосымша ақпарат

Аумақтық кеден органының лауазымды адамы Кеден кодексінің 415-бабына сәйкес өтініш берушінің үй-жайлары мен аумақтарын Кеден кодексінің 165-бабының 3-тармағында айқындалған талаптарға сәйкестігіне кедендік тексеруді жүргізеді.
Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік тексеруді жүргізу кезінде өтініш беруші аумақтық кеден органының лауазымды адамына Кеден кодексінің 165-бабының 3-тармағында айқындалған талаптардың орындалғанын растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсынады.
Бұл ретте ұсынылған құжаттардың көшірмелері аумақтық кеден органында қалатын Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік тексеру актісіне қоса беріледі.

Жүктеу (PDF)